2022 жылдың 19 наурызында Оқушылар сарайында көктемгі Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз думан» атты мерекелік іс-шара өтті. Мереке қонақтарын «Шабыт» домбырашылар ансамблінің ұжымы қарсы алды. Көркемөнер мектебі Наурыз мерекесіне арналған суреттер көрмесін, көркемдік эстетикалық бағыты «Шығармашылық қолөнер» қолданбалы өнер көрмесін ұсынды. «Фотошоп» үйірмесінің оқушылары арасында «Наурыз мейрамы» тақырыбында мерекелік ашықхаттар сайысы өткізілсе, «Биология А-дан Я-ға дейін» үйірмесінің оқушылары күн мен түннің теңелу күніне арналған сұрақ-жауап сайысында өз білімдерін сынады. «Флорариум» үйірмесі «Қызғалдақ – бақыт гүлі» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Одан әрі мерекелік іс-шара «Көңілді жарыс сағаты» атты спорттық-сауықтыру бағдарламасымен жалғасты. Бағдарлама аясында оқушылар тоғызқұмалақ, асық ату, аркан тарту сияқты ұлттық ойындарынан жарысқа қатысты.
Конференц залында Оқушылар сарайының әр бағыты бойынша мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бірігіп Қазақстан Республикасында тұратын түрлі ұлттардың салт-дәстүрлерін көрсетті. Әр дастархан ұлттық тағамдар, дәстүрлі киім үлгісін ұсынды. Концерттік бағдарлама барысында әр дастарханға түрлі номинациялар бойынша дипломдар табыс етілді.